Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті биылғы сәуірдің басында нанның көтерме саудадағы бағасына жоспардан тыс жүргізген талдауын аяқтады. Талдау 2023-2024 жылдар аралығында және биылғы қаңтар айында жүргізілді, деп хабарлайды F16.kz.
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің ұлттық статистика бюросының ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, аталған кезеңде бірінші сұрыпты бидай ұнынан жасалған нанның орташа бағасы өскен жоқ.
2023 жылғы қаңтар-қазан аралығында бір келі нанның бағасы 199 теңге болды, ал қарашада 203 теңгеге дейін өсті. 2023 жылғы желтоқсан айынан 2024 жылғы наурыз аралығында баға 195 теңге шамасында сақталды. 2024 жылғы сәуірден 2025 жылғы қаңтарға дейін 198 теңге деңгейінде болды. Бағаның өзгеруі ең алдымен бірінші сұрыпты бидай ұнын сатып алу құнының құбылуымен байланысты екенін атап өтті мамандар.
Айта кету керек, облыс нарығындағы субъектілердің ұсынған деректерін талдау нәтижесінде нан бағасына бірқатар фактор әсер ететіні анықталды. Мәселен, бір бөлке нанның салмағы, ұнның сатып алу бағасы, коммуналдық және басқа да шығындар әсер етеді.
Фото: pixabay.com