Бүгін Өскеменнің Самал саябағында «Таза ойындар» экологиялық акциясы өтті. Сайыс түрінде өткізілген шараға қала тұрғындары, оның ішінде студент жастар, еріктілер, мектеп оқушылары қатысты, деп хабарлайды F16.kz.
Ерекше бастамаға мұрындық болған қалалық ішкі саясат бөлімі өкілдерінің айтуынша, «Таза ойындар» жобасының негізгі мақсаты адамдарды табиғатты сақтауға, қоқыстан тазартуға ынталандыру.
Бұл жоба Өскеменде үш жылдан бері өткізіліп келеді және осы уақыт ішінде ол өзінің тиімділігін көрсетті, қатысушылары да көп. «Таза ойындардың» негізгі мақсаты – жастарға қоқыс жинаумен қоса оны сұрыптауды да үйрету. Биылдан бастап ойынның ережесі өзгерді, қатысушылар қоқысты түрлі қапқа сұрыптап салады, сондай—ақ артефактілер кездессе оны бөлек тапсырады. Сайыс болғандықтан көп ұпай жинағандар жеңімпаз атанады. Оларға берілетін сыйлықтарымыз бар, – деді игі бастаманы ұйымдастырушылардың бірі, Өскемен қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры Бақытжан Ерболқызы.
Жарыс ережесі бойынша екі—үштен топтасқан қатысушылар қоқысты сұрыптау жинауға кірісті. Мәселен, ақ түсті қапқа шыны бөтелкелерді, жасыл түсті қапқа пластмас бөтелкелерді жинады. Ал сарғыш түсті қапқа қаңылтыр ыдыстарды салды. Жиналған қоқысты көлеміне қарай қабылдап алып, топқа ұпай берілді. Сол сияқты қолдануға жарамды ерекше заттарды артефакт ретінде өткізіп, қосымша ұпайға ие болды. Бұл ойын шынымен де жастардың қызығушылығын оятып, шабыттандырды. Бір—бірімен жарыса жүріп айналдырған бірер сағатта төңіректі шашылып жатқан қажетсіз заттардан қалай тазалап тастағандарын өздері де байқамай қалды қатысушылар.
Мұндай ойынға бірінші рет қатысып тұрмын. Маған өте қызық болды. Елімізді, қаламызды таза ұстауға бәріміз бір кісідей атсалысайық. Жиылған жастардың қарасы өте көп, олардың құлшынысы жақсы. Осындай ойындар жиі—жиі өткізіп тұрса, қаланың да экологиясы жақсара түседі, – деді ойынға қатысушы, С.Аманжолов атындағы университеттің студенті Әмина Бақытбекқызы.
«Таза ойындардың» ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Ирина Смит қатысып, жастарды жігерлендіре сөйледі.
Экосенбілікке қатысушыларға сәттілік тілейміз. Тазалыққа үлес қосып, сайысқа белсенді атсалысып жатқан баршаңызға алғыс айтамын. Сүйікті қаламыздың тазалығы өз қолымызда, – деді ол.
Сайыс қорытысындысы бойынша Самал саябағының маңынан 1 тонна,яғни 135 қап қоқыс жиналып, сұрыпталып, қабылдау пунктіне жөнелтілді. Экосенбілікке барлығы 16 команда құрамында 60-қа жуық белсенді қатысты. Ең көп ұпай жинаған “Капитан Америка” командасы бірінші орынды жеңіп алып, сыйлыққа 100 мың теңгенің сертификатын иеленді. Екінші орын және 80 мың теңгенің сертификаты “Новый век” командасына бұйырды. Үздік үштікті “Антикор” түйіндеді. Оларға 60мың теңгелік сертификат табысталды.
Айта кетейік, сыйлыққа берілген сертификаттарға қаладағы брендтік дүкендерден көрсетілген сомаға сай кез келген тауарды алуға болады.