Шығыс Қазақстанда көлік жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан мас күйінде автомобиль тізгіндеген азаматқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды F16 тілшісі.
Ұлан аудандық соты Қылмыстық кодекстің 346-бабы 1-бөлігі бойынша көлік құралдарын басқару құқығынан айырылса да мас күйінде рөлге отырған азаматқа қатысты қылмыстық істі қарады. Сот үкімімен ол өмір бойына көлік жүргізу құқығынан, сондай-ақ алты айға бас бостандығынан айырылды.
Еске салайық, Өскемен қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотының 2023 жылғы 17 сәуірдегі қаулысымен ер адам 7 жылға көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған болатын. Алайда биылғы 21 наурызда аталған азамат «Алматы – Өскемен» тас жолында масаң күйде көлік жүргізіп, тағы да полиция қызметкерлерінің қолына түсті. Ер адам өз кінәсін толық мойындады. Сот айыпталушының шын жүректен өкініп, кінәсін мойындағанын, сондай-ақ қарамағында кәмелеттік жасқа толмаған балаларының бар екенін ескеріп, жазасын жеңілдетті. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Нұржан Кенжеұлы
Фото: pixabay.com