Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі әлеуметтік желілерде тараған Зайсан ауданы, Шілікті ауылдық округі әкімінің балағат сөздер айтқан сәті түсірілген бейнежазбаға қатысты жауап берді, деп хабарлайды F16.kz.
Әлеуметтік желілерге тұрақты мониторинг жүргізу барысында Зайсан ауданындағы ауыл әкімі түсірілген, бейәдеп сөздер айтылған бейнежазба анықталды. Осыған байланысты ауыл әкімінен ресми түсініктеме талап етілді.
Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі бұл материалдарды Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Әдеп жөніндегі кеңесіне жолдады. Онда қызметтік әдеп нормаларының бұзылу мәселесі қаралады. Мұндай әрекеттерге жол берілмеуге тиіс.
Облыс басшылығы былапыт сөз қолдануға, әдепсіз қылық танытуға түбегейлі қарсы. Осы ретте, этикалық нормаларды бұзған мемлекеттік қызметшілерге қатаң жаза қолданылатынын ескертеміз, – деп жазды облыс әкімінің баспасөз қызметі.




