Шығыс Қазақстан — экотуризм қарқынды дамып келе жатқан, табиғи байлығы мен алуан түрлі ландшафты әдемі үйлескен бірегей өңір. Аймақтың ерекше қорғалатын табиғи аумақтары туристерге тың бағыттар ұсынып отыр, деп хабарлайды F16.kz.
Өңірдегі басты нысандардың бірі — Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. Бұл — Қазақстандағы ең ірі ұлттық парк. Аумағында 14 туристік маршрут әзірленіп, саяхатшыларға әртүрлі деңгейдегі бағыттар ұсынылған. Парктің басты символы — Мұзтау шыңы. Төбесін бұлт шалған биікті шыңды көруге елімізден ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен туристер легі ағылады. Мұнда альпинизм, жаяу туризм және табиғатты тамашалау кеңінен дамыған.
Табиғи әсемдігімен ерекшеленетін тағы бір аймақ — Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы. Қорық аумағында ит тұмсығы батпайтын қылқан жапырақты ну орман, күркіреп аққын мөлдір тау өзені мен жануарлар дүниесінің алуан түрі сақталған. Туристер үшін бес бағыт әзірленген. Бұл өңір Қазақстандағы нағыз тайга табиғатын сезінуге мүмкіндік береді.
Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығы — биік таулы аймақта орналасқан табиғи інжу-маржанның бірі. Мұнда еліміздегі ең таза көлдердің бірі — Марқакөлге апаратын екі туристік маршрут жоспарланған. Көл ерекше биоалуантүрлілігімен танымал. Солардың бірі — осы аймақта ғана кездесетін майқан (ускуч) балығы.
Мамандардың айтуынша, экотуризм бағыттарын дамыту табиғи ресурстарды сақтауға, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар бұл бағыт тұрақты туризмді дамытып, аймақтың туристік әлеуетін арттыруға жол ашады.
Шығыс Қазақстанның ұлттық парктері мен қорықтары туралы толық ақпаратты visiteast.kz ресми сайтынан білуге болады.




