Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша өңірде есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысты 273 құқық бұзушылық тіркелген, деп хабарлайды F16.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жедел іс-шаралар барысында заңсыз айналымнан 600 келіден астам есірткі заты тәркіленген. Оның ішінде азаматтардың өмірі мен денсаулығына айрықша қауіп төндіретін 7 келіден астам синтетикалық есірткі бар.
Сонымен қатар өңір аумағына есірткі жеткізумен айналысқан 4 ірі есірткі партиясының жолы кесіліп, тыйым салынған өсімдіктерді өсіруге арналған 11 фитозертхана жойылды.
Полиция интернет арқылы есірткі таратуға қарсы күреске ерекше назар аударған. Нәтижесінде есірткі заттарын насихаттаған 1 271 интернет-ресурс бұғатталды. Сондай-ақ заңсыз айналымда пайдаланылған 5 800-ден астам банк картасы мен шотты бұғаттау үшін материалдар жолданды. Бұғатталған қаражаттың жалпы сомасы 117 миллион теңгені құрады, — дейді ШҚО ПД баспасөз қызметі.
Бұдан бөлек, мектеп оқушылары, студенттер және қоғам өкілдерінің қатысуымен 600-ден астам профилактикалық іс-шара өткізілді.




