Еліміздің ең шығысындағы Аршаты ауылында жол жөнделіп, жергілікті халықтың көп жыл күткен арман—тілегі орындалды, деп хабарлайды F16.kz.
Жалпы, Катонқарағай ауданының қай ауылы болмасын ілгеріден өздерінің береке-бірлігімен ерекшеленеді. Солардың ішінде ауданды былай қойғанда, Шығыс Қазақстанның ең шеткері ауылы – Аршатының өзіне ғана тән жарасымды бір сипаты бар. Бұндағы жұрттың өзара ұйымшылдығы мен татулығына таң қаласың… Небір топалаң уақытта да аршатылықтар осынау қасиеттерінен айырылған жоқ. Қайғыда да, қуанышта да бір-біріне сүйеу болып, қандайда болмасын ортақ іске бір атаның балаларындай жұмыла кірісе алады. 90-шы жылдардағы алмағайып шақтарда, одан кейінгі дағдарыс жылдарында да Аршатының халқы жайлы өмір іздеп қалаға жаппай ағылған жоқ, кіндікжұртын тастамады, тұрақтылығын сақтап қалды. Содан болар «Аршатыдан ел көшті» дегенді бұрын да, қазір де естіген емеспіз. Осының бәрі де аршатылықтардың қайтпас-қайсар төзімділігінің, жанкешті тіршілігінің арқасында болса керек. Аудан орталығы ширек ғасырдан астам уақыт бойы бұрынғы аудан орталығы – Катонқарағай ауылынан 90, ал Аршатыдан 200 шақырымға алыстаған кездерде де жергілікті халқы бұған төзді. Әсіресе жолдың азабын өзгелерден гөрі осы Аршатының тұрғындары көп көрді десек артық айтқандық емес. Катонқарағай қайтадан аудан болып қайта жаңғырған соң, арада екі жыл салып аршатылықтарға да қуанышты күндер жетті. Былтыр Берел мен Аршатының арасындағы 12 шақырым жолға асфальт төселеді деген ақжолтай хабар жеткенде шалғайдағы аршатылықтар қуаныштан бөріктерін аспанға атып еді. Арада жыл өткенде сол межелеген жоспар іске асырылып, бұнда бұрын-соңды болмаған жөндеу жүргізіліп, тақтайдай тегіс жолға айналып шыға келді.
Былтыр облыстан бөлінген 150 млн теңгеден астам қаражатқа әуелі жолдың негізі қайтадан жасалды. Жол бойына 4 су өткізгіш құбыр (көпірлер) қойылды. Биыл жаз шыға 12 шақырымға толықтай асфальт төселіп, жоспарланған жұмыс белгіленген мерзімге сай аяқталды. Бұл жобаға облыстан 586 млн 900 мың теңге көлемінде қаржы жұмсалды. Осынау игілікті істі аудан тумасы, кәсіпкер Айдос Байғұнұсов басшылық ететін “Өскемен Тазалық” ЖШС қолға алып, толыққанды аяқтап берді. Айта кетерлігі, аталған мердігерлік ұйым өткен жылы аудан аумағында тағы бір өндіріс ошағын ашқан еді. Шыңғыстай ауылының маңында асфальт-бетон зауытының құрылысын қысқа уақытта аяқтап, шалғайдағы ауылдардың тұрмысын жақсартып, өмір сүру сапасын арттыру үшін жолдарын жөндеуге кірісті.
Өткен аптада аудан басшылығының, мердігерлік ұйым өкілдері және Аршаты ауылының тұрғындарының қатысуымен Берел мен Аршаты арасындағы қайта жаңғырған жолдың тұсауы кесілді. Ақ жаулықты аналар шашу шашып, көнекөз қариялар ілкімді істің басы-қасында жүрген барша атқамінер азаматтарға ақ баталарын беріп, алғыстарын жаудырды.
Ауданымыздың қайтадан түлеуіне себепші болған ел Президентіне, облыс пен аудан басшылықтарына, осындағы барлық елжанды азаматтарға ауылдастарымызға осындай орасан сый тарту еткендеріне мың алғыс айтамыз. Ауылымыз заман көшінен қалыспай, өз тіршілігін жасап отыр. Бірақ көп жылдардан бері Аршатыға дейінгі жолдың жөнделуін армандап келіп едік, мінеки, сол күнге де жеттік, асфальт төселіп, қуанышымыз қойнымызға сыймай жатыр. Жолымыз сайрап тұрса, ауылымыздың болашағы да бұлыңғыр болмасы анық, – дейді аршатылықтар.
Алтай Жампейісов




