Биылғы ақпанда Қазақстанда 13 мыңнан астам жаңа автокөлік сатылды. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда кем, бірақ жыл басынан бергі жалпы көрсеткіште өсім бар. Бұл туралы «Қазақстанның Автокөлік одағы» ЗТБ мәлім етті, деп хабарлайды F16.kz.
2026 жылғы ақпанда елдегі ресми дилерлер 13399 жаңа жеңіл және коммерциялық автокөлік сатқан. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 16,1 пайызға төмен. Дегенмен, қаңтар-ақпан айларының қорытындысы бойынша нарықта оң динамика байқалады. Екі ай ішінде елімізде 27 643 автокөлік сатылды. Бұл былтырғы осы кезеңімен салыстырғанда 1,5 пайызға көп.
Бірлестік президенті Анар Макашева ақпанда сатылым азайғанымен, жалпы нарық тұрақты екенін атап өтті.
Ақпанда сатылым азайғанына қарамастан, алғашқы екі айдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы жаңа автокөлік нарығы оң өсім көрсетіп отыр. Сондай-ақ ақпанда ең танымал он көліктің қатарына енген барлық модель Қазақстан аумағында өндірілетінін атап өткен жөн. Бұл қазақстандықтардың отандық автокөлік өндірісінің өнімдеріне деген сенімі жоғары екенін көрсетеді, – деді ол.
Ақпандағы танымал брендтер
Ақпан айында ең көп сатылған автокөлік бренді – Hyundai. Компания 2 768 көлік сатқан. Екінші орында Kia – 2 402 көлік. Ал үшінші орынға Chevrolet жайғасты – 1 975 автокөлік.
Алғашқы ондыққа сондай-ақ Chery, Jetour, Changan, Haval, Geely, JAC Motors және Toyota кірді.
Алғашқы ондыққа енбей қалған брендтер ішінде ең жоғары өсімді BYD көрсетті. Компания ақпанда 268 гибрид және электр көлігін саудалап, сатылымын бір жылда 793,3 пайызға арттырды.
Ең көп сатылған көлік модельдері
Ақпан айында ең көп сатылған модель – Chevrolet Cobalt. Бұл модельге тиесілі 1 761 көлік сатылған. Екінші орында Hyundai Tucson – 1 744 көлік.
Үшінші орында Kia Sportage – 1 278 көлік.
Танымал модельдердің қатарына сондай-ақ Changan CS55 Plus, Kia Soluto, Kia Sorento, Chery Tiggo 2, Chery Tiggo 7, Jetour X70 Plus және Hyundai Mufasa бар. Бұл модельдердің барлығы Қазақстанда құрастырылған.
Екі айдың қорытындысы
Жыл басынан бергі екі айда брендтер арасында көш бастап тұрған – Hyundai. Компания 5 466 автокөлік сатқан. Екінші орында Kia – 5 176 көлік. Бұл бренд сатылымын 85,9 пайызға арттырып, көшбасшыға жақындай түсті. Ал үшінші орын Chevrolet компаниясына тиесілі – 4 487 көлік.
Сарапшылардың айтуынша, жыл басындағы көрсеткіштер Қазақстандағы жаңа автокөлік нарығы тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді.




