Президент Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құруды тапсырды. Жаңа министрлікті Премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқаруы керек. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты, деп хабарлайды F16.kz.
Мемлекет басшысы өз сөзінде жасанды интеллектің дамуы мен әсеріне де тоқталды.
Жасанды интелект халықтың, әсіресе, жастардың болмыс-бітіміне әсер етіп жатыр. Басқаша болуы мүмкін емес. Себебі, бұл үрдіс бүкіл әлемде қалыптасқан тәртіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертіп жатыр. Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуіміз керек. Әйтпесе, артта қалудың салдары қауіпті болады. Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлы ел болу керек, — деді Президент.
Естеріңізге сала кетсек, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында кезекті Жолдауын жариялап жатыр.




