Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша департаменті өңірде мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бақылауды және бағалауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган болып табылады. Оның қызметінің басым бағыттарының бірі — азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру.
Қараша айында Өскемен қаласының Радужный тұрғын алабында тұратын азаматшаға «Үйде күтім жасау жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге құжаттарды ресімдеу» мемлекеттік қызметін алу барысында ақпараттық жүйелердегі техникалық сәйкессіздіктерге байланысты қиындықтар туындағаны анықталды.
Тұрғынның өтініші «Электрондық үкімет» порталы арқылы автоматты түрде Глубокое ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жолданған. Алайда Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 8 ақпандағы қаулысына сәйкес, Радужный тұрғын алабы Өскемен қаласының аумағына енгізілген.
Өтінішті қарау барысында қабылданған қаулыға қарамастан, мемлекеттік ақпараттық жүйелерде тиісті өзгерістер енгізілмегені анықталды. Осыған байланысты Департамент деректер базасына қажетті түзетулер енгізу мақсатында ақпараттық жүйелерді сүйемелдеуге және өзектендіруге жауапты орталық уәкілетті мемлекеттік органдарға хаттар жолдады.
Қазіргі уақытта анықталған сәйкессіздіктер толық жойылып, азаматшаға мемлекеттік қызмет толық көлемде көрсетілді.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің ШҚО бойынша Департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы
Е.М. Айкымбеков




