Бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «ОблШығысЖол» ЖШС директоры Жанболат Қазановты көлік саласын дамытуға, еліміздің көлік инфрақұрылымын қалыптастыру мен жаңғыртуға қосқан елеулі үлесі үшін жоғары мемлекеттік награда — II дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады, деп хабарлайды F16.kz.
Жанболат Қазановтың басшылығымен компания еліміздегі ең ауқымды әрі стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі — Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің құрылысын жүзеге асырды. Бұл нысан техникалық сипаттамалары бойынша ғана емес, аймақ пен ел үшін маңыздылығы тұрғысынан да бірегей деп танылды.
Біз Жанболат Қазановпен байланысып, марапат жайлы пікірін білдік. Ол бұл жаңалықтың өзі үшін күтпеген жағдай болғанын айтты.
Мемлекет басшысының қолынан осындай жоғары марапат алу — мен үшін үлкен құрмет. Бұл – бүкіл ұжымның еңбегіне берілген баға әрі еліміздің тұрғындары алдындағы жауапкершілікті арттыра түседі. Қазір Президенттің тапсырмасымен компаниямыз Катонқарағай және Зайсан аудандарында екі стратегиялық нысан — әуежайлардың құрылысын жүргізіп жатыр, – деді Жанболат Қазанов.
Жаңа әуежайлар өңір туризмі, логистикасы мен экономикасының дамуына тың серпін брмек.