Шығыс Қазақстан облысында республикалық маңызы бар Өскемен – Шемонаиха – Ресей Федерациясы шекарасы жолында орташа жөндеу жүргізіліп жатыр. Жолдың жалпы ұзындығы – 120 шақырым, оның 93 шақырымы қалпына келтіру көзделген, деп хабарлайды F16.kz.
Жөндеу жұмысына 82 арнайы техника, 138 маман жұмылдырылған. Бүгінде жөнделуге тиіс 93 шақырым жолдың жартысынан көбінің асфальт жабыны жаңартылды. Атап айтқанда, 75 шақырым жол учаскесінде трассаның негізін қалпына келтіруде суық ресайклинг әдісі қолданылды, 66 шақырымда төменгі қабат, 51 шақырымда жоғарғы қабат асфальтбетон жабыны төселді.
Сонымен қатар жол жиегін нығайту, су ағатын құбырлар салу, жол белгілері мен қоршаулар орнату сияқты жұмыстар атқарылып жатыр. Ал құрылыс барысында заманауи технологиялардың қолданылуы сапаны арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Айта кету керек, 1175–1191 шақырым және 1194–1212 шақырым аралығындағы учаске, соның ішінде 1211–1212 шақырым аралығы «Үбі» өткізу пункті аумағындағы бейтарап аймақты қамтиды. Орташа жөндеу аясында Қазақстан тарапынан кіреберіс және шығаберіс жолдардың ені 12 метрге дейін кеңейтіледі.
Бұл жол халықаралық және өңіраралық маңызға ие, сауданың, туризмнің, логистиканың дамуына, сондай-ақ Қазақстан мен Ресей арасындағы сыртқы экономикалық байланыстарды кеңейтуге ықпал етеді.




