Қала күніне және Конституцияның 30 жылдығына орай Өскемендегі Арбатта Көше мәдениеті фестивалі өтті, деп хабарлайды F16.kz.
Бұл күні қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орны саналатын Арбат ән мен жырдың, күй мен бидің алаңына айналды. Мұндағы атмосфераны сөзбен айтып жеткізу қиын, оны көзбен көріп, жаныңмен сезіну керек. Музыка мен қолөнерді тоғыстырған фестивальді тамашалауға келген қарақұрым халық нағыз мерекенің куәсі болды. Арбатқа отбасымен келген өскемендік Гүлім Қайырханқызы қатар қос мерекемен өскемендіктерді құттықтады.
Елімізге тыныштық, халқымызға амандық тілейміз. Әр отбасы бақытты, бақуатты ғұмыр кешсін. Балалар жыламасын. Әлемде неше түрлі жағдай болып жатыр, соғыс оты шарпыған қаншама елді көріп отырмыз. Жетім қалған, аш-жалаңаш жүрген бүлдіршіндер қаншама. Осыларды көріп отырып елдегі бейбіт заманға, тыныштыққа тәубе дейміз. Өстіп той тойлап, сауық-сайран құрып жүргеніміз елдегі тыныштықтың арқасы. Мереке құтты болсын, еліміз өркендей берсін, – деді қала тұрғыны.
Фестиваль аясында кішкентай бүлдіршіндер мен ересектерге арнап түрлі ойын алаңдары, аниматорлар мен үлкен қуыршақтар қатысқан көңілді сайыстар ұйымдастырылды. Арнайы фотозоналарда келушілер жарқын сәттерін естелікке түсіріп жатты. Концерттік сахнада әртістер өнер көрсетіп, ал караоке аймағында қала тұрғындары сүйікті әндерін шырқап, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Қалың бұқараның ерекше қызығушылығын тудырған көше биі өнеріне арналған баттлдар мен шеберлік сабақтары болды. Брейк-данс, хип-хоп және басқа да бағыттарда жас бишілер өз өнерлерін ортаға салды.
Сонымен қатар қолөнер көрмесі де көпшілік назарына ұсынылды. Мұнда келушілер зергерлік бұйымдар, ағаштан, керамика мен матадан жасалған бұйымдарды тамашалап қана қоймай, шығармашылық үдеріске өздері де қатыса алды.
«Арбаттағы суретшілер» атты арт-алаң кескіндеме өнерінің жанкүйерлерін жинады. Ашық аспан астында суретшілер көпшіліктің көз алдында туындыларын салып, түрлі тақырыптағы суреттерді бейнеледі.
Фестиваль қала тұрғындары мен меймандарын біріктіріп, шығармашылық, музыка және жарқын эмоциялармен көмкерілген ерекше көңіл-күй сыйлады.




