Қазақстанда мұнай-газ химиясы өнімдерін өндіру көлемі 12%-ға ұлғайды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының энергетика министрі Ерлан Ақкенженов БАҚ өкілдерімен кездесуде мәлім етті, деп хабарлайды F16.kz.
Үкіметтің 2025 жылғы терең өңдеу және мұнай-газ химиясы секторындағы жұмысының қорытындысы жариланған жиында экономиканың шикізатқа тәуелділігін әртараптандыруға және төмендетуге арналған дәйекті бағыт жүзеге асырылып жатқаны туралы айтылды. Отандық мұнай-газ химиясы тұрақты екі таңбалы өсім қарқынын көрсетіп отыр және шикізат емес экспорттың негізгі драйверлерінің бірі ретінде қалыптасты.
Мұнай-газ химиясындағы өнім өндірісінің көлемі 12%-ға өсті. Қазақстан терең өңделген полипропилен, бензол және параксилол сынды өнімдерді сыртқы нарықтарға жүйелі түрде жеткізуді бастады, — деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.
Саланың стратегиялық дамуы ауқымды құрылыс кезеңімен тығыз байланысты. Елімізде әлемдік деңгейдегі ерекше мұнай-химиялық кешендер салынып жатыр. Атырау облысында полиэтилен зауытының болашақ пиролиз қондырғысының құрылысы 30%-дан астамына орындалды. Павлодарда алкилат шығаратын кәсіпорынның құрылысы басталды.




