Өскеменде кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Бұл жолы облыс орталығына Самар ауданының шаруалары «қонаққа» келді. Аста-төк өнім, арзан баға, қарақұрым халық “Туған жер – алтын бесігім” дәстүрлі жобасы аясында ұйымдастырылған жәрмеңкенің көрігін қыздырды, деп хабарлайды F16.kz.
Самар аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Абылғазыұлының айтуынша, сатуға екі тонна сиыр еті мен бір тоннаға жуық жылқы еті, жиырма қойдың еті, балық және сүт, бал, тосап, қаймақ, құрт-сүзбе сияқты табиғи өнімдер әкелінген. Ең бастысы бұл тауарлардың бәрі нарықтағыдан төмен бағада ұсынылды. Қазіргідей қымбатшылық қысқан заманда қарапайым халыққа бәрінен бұрын керегі осы еді. Көкөніс пен бақша дақылдары да мол. Қап-қап тиелген картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, асқабақ, баялды деймісіз, жергілікті жерде өсірілген құнарлы әрі табиғи таза өнімдер. Осының бәрі жаңадан ашылған Алтай» көтерме-бөлшек сауда орталығының аумағындағы жәрмеңкеде саудаланды.
Жәрмеңкеде өскемендіктер жергілікті өндірушілердің экологиялық таза әрі сапалы өнімдерін ешқандай делдалсыз тікелей сатып алды. Жобаның мақсаты осы болатын – алушы мен сатушының тікелей байланыстыру, халықты жергілікті азық-түлікпен қамтамасыз ету. Сондай-ақ бұл жәрмеңке арзан әрі сапалы өнім ұсынумен шектелмей, ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің еңбегін бағалауға және қолдауға жол ашады.
Шараға келген жұрт жәрмеңкенің тиімді ұйымдастырылғанына риза болып, отбасыларына қажетті азық-түлікті молынан алып қайтты. Тұрғындардың айтуынша, мұндай шаралар қала мен ауыл арасындағы өзара тиімді әріптестікті дамытып, отандық өнімге деген сұранысты арттыра түседі.
Қысқа қамданып жатырмыз сол. Картоп, пияз алдық, тауықтың, қойдың етін алдық. Енді жылқының бір санын алу керек. Күз келді, күн суытты. Ет керек. Қазақ етсіз тұра ала ма? Қызылсырап қаламыз. Мына жердің бағасы базардағымен салыстырғанда әлдеқайда төмендеу және саудалассаң түсіреді. Сол жағынан ыңғайлы. Таңдап алуға болады. Еттің түр-түрі бар. Әйелім екеуіміз апта сайын сенбіде келіп сауда істеп қайтамыз. Біз сияқты қалтасы жұқа зейнеткерлерге жақсы болды бұл жәрмеңке, – деді өскемендік Жанболат Елемесов.
Иә, «Туған жер – алтын бесігім» жобасы осылайша ауыл кәсіпкерлеріне жаңа нарық ашып қана қоймай, қалалықтарды сапалы өніммен қамтудың нақты жолына айналып отыр.
Жәрмеңке ұйымдастырушыларының айтуынша, мұндай форматтағы шаралар – тек өнім сату үшін емес, ауылдағы еңбек адамдарын қолдау, ұлттық құндылықтарды сақтау және өңірлік азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында да маңызды қадам. Сонымен қатар жәрмеңке өткен алаңға кіру, автотұраққа қою және қоғамдық көлікпен жету – барлығы да тұрғындарға ыңғайлы болуы үшін тегін ұйымдастырылды. Арнайы аялдама орнатылғаны да халықтың көңілінен шыққан сәтті шешім болды.




