Бүгін облыс орталығында әлеуметтік диалог орталығы ашылды. Енді шығысқазақстандық кәсіпкерлер мен әлеуметтік әріптестер аталған орталықта әлеуметтік-экономикалық мәселелерді талқылап, сындарлы диалог құра алады, деп хабарлайды F16.kz.
Орталықтың ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев және өңірдегі бірқатар кәсіпорын басшылары қатысты.
Әлеуметтік диалог – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Оның басты мақсаты – әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету. Бүгін Өскемендегі орталық өз жұмысын бастайды. Мұнда тек өңірлік емес, республикалық деңгейдегі мәселелер талқыланып, шешімін табатынына сенімдімін. Мұндай бастамаларды министрлік тарапынан жан-жақты қолдауға дайынбыз, — дедіҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев.
Орталық «Парыз» конфедерациясының бастамасы және «Казцинк» компаниясының қолдауымен республика бойынша Өскеменде алғаш рет ашылып отыр.
Мұнда жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы, еңбек қатынастары саласында туындайтын мәселелер барлық тараптар үшін қолайлы шешіледі деп сенемін. Қазір елімізде шағын және орта кәсіпкерлікке көп көңіл бөлініп жатыр. Осы тұрғыда мұндай орталықтардың құрылуы өте маңызды. Кәсіпкерлер де толғандырған сұрақтары мен арыз-шағымын осы орталық арқылы жеткізе алады, — деді «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев.




