Шығыс Қазақстан облысында мектептер мен балабақшалардың басым бөлігі жалпыға міндетті білім стандарына сай келмейді. Бұл туралы білім беру мекемелерін мемлекеттік аттестациядан өткізу нәтижесінде белгілі болды, деп хабарлайды F16.kz.
Облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің мәліметінше, биыл өңірде 113 білім беру ұйымы аттестациядан өтуге тиіс деп көрсетілген, оның ішінде 33 балабақша мен 80 мектеп бар. Алғашқы жартыжылдықта тексеруден 71 мекеме: 33 балабақша мен 38 мектеп өтті. Бірақ нәтижесі көңіл көншітпейді, 63 ұйым, яғни 89 пайызы алғашқы тексерістен өте алмады. Мектепке дейінгі мекемелер арасында бұл көрсеткіш 91 пайыз болса, мектептер арасында — 87 пайыз.
Ведомство басшылығы аттестациядан өте алмаудың негізгі себептері ретінде білім ордаларының педагогтармен толық қамтамасыз етілмеуі, оқу жоспарлары мен бағдарламаларының мемлекеттік жалпыға міндетті стандарт талаптарына сай келмеуі, сондай-ақ жабдықтар мен жиһаздардың жеткіліксіздігі сынды мәселелерді алға тартты.
Сонымен қатар санитарлық талаптар мен өрт қауіпсіздігі нормаларының бұзылуы да жиі кездесетін кемшіліктер қатарында.
Аттестация білім беру ұйымдарының ресми интернет-ресурстарында орналастырылған өзін-өзі бағалау материалдарын талдау және бұл деректерді ұлттық деректер базасындағы ақпаратпен салыстыру негізінде жүргізіледі. Тексеру барысында оқу жоспарлары мен білім беру бағдарламалары, педагогтердің біліктілігі, оқу кабинеттерінің жабдықталуы, қауіпсіздік талаптарының сақталуы және санитарлық нормаларға сәйкестігі қарастырылды. Нәтижесінде бірқатар бұзушылық анықталды. Енді осы кемшіліктерді жою жөнінде ұсыныстар беріледі. Біз оларға әкімшілік шара қолданбаймыз, керісінше, жағдайды түзетуге мүмкіндік береміз. Кемшіліктер түзетілген соң олар аттестациядан қайта өте алады. – деді облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының міндетін атқарушы Ботагөз Райымбекова.
Айта кетейік, өңірдің білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестациядан өткізу екінші жартыжылдықта жалғаса береді.




