Шығыс Қазақстан облысында полицейлер бопсалаумен айналысқан екі адамның әрекетіне тосқауыл қойды, деп хабарлайды F16.kz порталы ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға Үлкен Нарын ауданында болған. Ақпанның соңында 25 жастағы екі азамат танысының жұмыс орнына келіп, «қаржылай көмек керек» деген желеумен 30 мың теңге алған. Көп ұзамай олардың бірі тағы 170 мың теңге сұраған. Жай сұрамаған, бірден ашық бопсалауға көшкен. Сөйтіп күдіктілер заңсыз түрде жалпы сомасы 200 мың теңге талап еткен. Жәбірленуші бірден полицияға жүгінген. Тәртіп сақшылары күдіктілердің жеке басын анықтап, олардың алған қаражатты өз қажеттіліктеріне жұмсап қойғанын анықтады. Қазір бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Полиция бопсалау көбіне «көмек сұрау» түрінде басталатынын ескертеді. Мұндай жағдайда қысымға көнбей, барлық хабарламалар мен қоңырауларды сақтап, бірден құқық қорғау органдарына хабарласу қажет.




