Зайсан ауданында ірі қара малдан құтыру ауруы анықталды. Былтыр дәл осындай жағдай Тарбағатай өңірінде болған, деп хабарлайды F16.kz.
ШҚО ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағандықовтың айтуынша, ауру ошағы анықтала сала мамандар дереу мал басын тексеруге кіріскен. Зертханалық жұмыс қорытындысына сәйкес, бес бас сиырдың құтыру ауруына шалдыққаны және қауіпті дертті түлкіден жұқтырғаны белгілі болды.
Құтыру ауруын жұқтырған бірді-екілі жағдай Зайсанда болды. Ауру ошағы толық жойылып, қазір сауықтыру шаралары жүргізіліп жатыр. Бүгінде өңірде қауіпті инфекция ошағы жоқ, – деді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, облыста эпизоотиялық жағдай тұрақты және мамандардың бақылауында. Былтыр сегіз қауіпті инфекцияға қарсы 4,7 млн доза екпе салынған, оның ішінде мал шаруашылығына айтарлықтай залал келтіретін күйдіргі, құтыру ауруы, аусыл, сарып сияқты жұқпалы ауру түрлері бар. Бұған жалпы сомасы 757,7 млн. теңге қаражат бөлінген. Биыл бұл жұмыстар жалғасады. Барлығы сегіз аса қауіпті ауру түріне арналған 4,3 млн доза екпе салу жоспарланған, бүгінде оның 2,3 млн дозасы аудандарға таратылып берілді.
Өңірдің мал шаруашылығында цифрлық технологиялар қолданысқа енгізіліп жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген TortTulik мобильді қосымшасымен 9 мыңнан астам пайдаланушы жұмыс істейді. Бұл жануарларды қосымша есепке алуға, ветеринариялық құжаттарды рәсімдеуге және деректерді онлайн түрде жаңартуға мүмкіндік береді. Өте қолайлы, жылдам әрі шығынсыз.
Цифрландырумен қатар инфрақұрылымды дамыту да қолға алынған. 2026–2027 жылдары өңірде жеті ветеринариялық станция, 70 ветеринариялық пункт және 54 мал қорымын салу жоспарланып отыр. Бұл ветеринариялық қызметтің тиімділігін арттырып, эпизоотиялық қауіпсіздікті нығайтуға мүмкіндік береді.




