Шығыс Қазақстанда коммуналдық және энергетикалық желілерді жүйелі модернизациялау жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов айтты, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Белгілі болғандай, жыл соңына дейін облыста Президенттің тапсырмасына сәйкес 8 жаңа орталықтандырылған су құбыры нысаны пайдалануға беріліп, 4 мыңнан астам тұрғын сумен қамтамасыз етіледі.
Энергетика саласында да белсенді жұмыс жүргізілуде. 2025 жылы жабдықтар мен желілерді жаңғыртуға бюджеттен 10 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Риддер ЖЭО-да жүргізілген жөндеу жұмыстары кәсіпорынды «қызыл қауіп аймағынан» шығаруға мүмкіндік берді, жабдықтардың тозуы 3%-ға, жылу желілерінің тозуы 8%-ға азайды.
Бұл шаралар тұрғындарды сумен және электр энергиясымен сенімді қамтамасыз етуге, өңірде өмір сүру қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға жағдай жасайды.




