Сібе көлдеріне апаратын жолға орташа жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта жоспарланған жұмыстың 95%-ы орындалған, деп хабарлайды F16.kz.
Облыс орталығынан аса алыс емес, тамылжыған табиғатымен де көпті таңғалдырған бес көлге туристер жиі ат басын бұрады. Жазда жағалауында ине шаншар орын болмайтын Сібеде қысқы туризм де жыл өткен сайын дамып келеді. Мөп-мөлдір Сібе көлдері қатқанда, халық жаппай сырғанақ тебу үшін ағыла бастайды.
Биыл бес көлге апаратын жолға жөндеу жұмыстары басталған. Жұмысты «Восток Асфальт» ЖШС мердігерлік ұйымы жүргізіп жатыр.
Ұлан ауданындағы Васильевка – Бозанбай – Алғабас – Тарғын бағытындағы жолдың биылға жоспарланған 95%-ы орындалды. Жоба толықтай келесі жылы, аяқталады деп жоспарланған, — дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдері.
Естеріңізге сала кетейік, 26 қыркүйек күні облыс орталығында өткен «Altau invest-2025» халықаралық инвестициялық форумында Ұлан ауданының әкімі «Виста Лаго» ЖШС-мен меморандумға қол қойды. Аталмыш компания Сібенің бірінші көлінде құны 11,5 млрд теңгеге туристік база салуды жоспарлап отыр.




