Аблакетка өзені арқылы өтетін көпір жақын арада жөнделіп, жағалауды нығайту жұмыстарын жүргізіледі, деп хабарлайды F16.kz.
ШҚО әкімі азаматтарды жеке қабылдау барысында қала тұрғыны Оксана Джунусова жаңа көпір салу мүмкіндігін қарастыруды сұрап, өтініш білдірді.
Айта кетейік, «Солнечная долина» бау-бақша серіктестігі аумағындағы Аблакетка өзені арқылы өтетін көпір тұрғын үйлер мен саяжай алқабын қаламен байланыстыратын негізгі жол болып отыр. Мұнда тұрақты түрде 250-ден астам адам тұрады, ал күн жылынғанда халық саны айтарлықтай артады.
Қабылдаудан кейін Шығыс Қазақстан облысының әкімі бірден көпірдің жағдайын және оның айналасындағы ахуалды көру үшін оқиға орнына барды. Тексеру қорытындысы бойынша Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасына және Өскемен қаласының әкімдігіне жақын арада қолданыстағы көпірді жөндеу және жағалауды нығайту жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Сонымен қатар жаңа көпір салуға арналған жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу қажет. ЖСҚ дайын болғаннан кейін жобаны келесі кезеңге, яғни іске асыруға көшіру көзделіп отыр.
Егер тұрғындар мәселе көтеріп, көмек сұрап жүгінсе, өтінішті қағаз жүзінде қарап қана шектелмеу маңызды. Мәселені жергілікті жерде зерделеп, қазір не істеуге болатынын және алдағы уақытта қандай шешім қажет екенін анықтау керек, — деді облыс әкімі.




