Қазақстанда тамыз айындағы ҰБТ-ны 25 мың адам тапсырды. Шекті балды 58% талапкер жинады. Бес пән бойынша орташа балл – 56, ең жоғары балл – 134, деп хабарлайды F16.kz.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің ақпараты бойынша, ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында тамыз ҰБТ-сына 112 талапкер қатысқан.
– ҰБТ өткізу барысында 103 ереже бұзушылық анықталған. Оның ішінде 37 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 66 адам шығарылды. Бөгде тұлғалар анықталған жоқ, – деп жазады министрліктің баспасөз қызметі.
Айта кетсек, 2025 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда оқуға түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.
Жоғары оқу орындарында ақылы негізде өз мамандығы бойынша білім алуын жалғастыруды жоспарлап отырған колледж түлектері оқуға әңгімелесу қорытындысы бойынша қабылданады. Бұл ретте оқуға қабылдауды ЖОО-ның қабылдау комиссиялары жүзеге асыратынын айтқан жөн.




