Облыс әкімдігінің мәжілісінде ШҚО білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанғазы Әліпбаев 2025-2026 жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы баяндады, деп хабарлайды F16.kz.
Белгілі болғандай, бүгінде өңірдің орта білім беру жүйесінде 347 мектеп жұмыс істейді. 1 қыркүйекке жоспарланған оқушылар контингенті – 99 мыңнан астам бала. 14 тамыздағы жағдай бойынша 1-сыныпқа 8 664 бала қабылданды.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 3 мың орынға арналған жеті мектептің құрылысы жалғасуда. Бүгінде алты мектеп бойынша пайдалануға беру актілеріне қол қойылды, оқыту 1 қыркүйектен басталады.
Сонымен қатар, Білім инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен Зайсан қаласында 300 орындық мектеп пен облыстық қазынадан қаржыландыру арқылы Алтай ауданының Жаңа Бұқтырма кентінде 200 орындық мектеп салынды.
Сонымен бірге, жыл соңына дейін шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдық жерлерде 50 мектепті жаңғырту жоспарлануда.
– Биыл облысқа жалпы білім беретін мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында химия, физика, биология, STEM және робот техникасы бағытындағы 40 пәндік кабинет жеткізіледі. 103 оқу орнында 4,5 мың оқушыны мектепке дейін тасымалдау ұйымдастырылған, оған 127 мектеп автобусы тартылған. Барлық білім беру ұйымы бейнебақылау жүйесімен жабдықталған, – дейді Жанғазы Әліпбаев.
2025-2026 оқу жылынан бастап өңір мектептері «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының жалғасы болып табылатын жаңа «Адал азамат» тәрбие жұмысын жүзеге асырады. Сондай-ақ «Заң және тәртіп» бағытына және мектеп пен отбасының өзара іс-қимылын күшейтуге де ерекше назар аударылатын болады.
Оқушыларға арналған оқулықтарды жеткізу және тарату жұмыстары 25 тамызға дейін толық аяқталады.
Жиынға төрағалық еткен ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов атап өткендей, бүгінде жаңа 2025-2026 оқу жылына дайындық жұмыстары ерекше бақылауда тұр.




