Жыл басынан бері елімізге 8051 этникалық қазақ көшіп келген. Ал 1991 жылдан бері 1 млн 156,1 мың қандас атамекеніне ат басын бұрған. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды F16.kz.
Ведомствоның ақпаратына сүйенсек, 2025 жылдың басынан бері Қазақстанға келген қандастардың ішінде басым бөлігі Өзбекстаннан қоныс аударған.
Жыл басынан бүгінге дейін Қазақстанға ат басын бұрған қандастардың 44,2%-ы Өзбекстаннан, 43,2%-ы – Қытайдан, 5%-ы – Түркіменстаннан, 2,7%-ы – Монғолиядан, 2,4%-ы – Ресейден және 2,5%-ы басқа елдерден,- делінген ақпаратта.
Олардың ішінде 59,1%-ы – еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар, 31,8%-ы – еңбекке қабілетті жастан кіші және 9,1%-ы зейнеткерлер.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінде 15,7%-ы – жоғары білімді, 28,1%-ы – кәсіби орта білімді, 53,5%-ы – жалпы орта білімді, 2,7%-ы білім жоқ азаматтар.
Министрліктің мәлімдеуінше, 2025 жылдың басынан бері 8 051 этникалық қазақ тарихи отанына табан тіреп, қандас мәртебесін алды. Жалпы тәуелсіздік жылдары республикаға 1 млн 156,1 мың этникалық қазақ оралды.
Биыл өңірлерге қандастарды қоныстандыру мақсатында 2309 адамға квота қарастырылса, соның 1286-сы еңбек күші тапшы аймақтарға көшіп барды.
Қандастарды қоныстандыру үшін еңбек күші тапшы Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары белгіленген.




