Жаңа оқу жылы қарсаңында еліміздегі әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы оқушылардың түгелдей дерлігі Жалпыға бірдей білім беру қорының қолдауына ие болды, деп хабарлайды F16.kz тілшісі Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Жергілікті атқарушы органдардың деректеріне сәйкес, ата-аналардың және заңды өкілдердің есепшоттарына мектеп формасын, аяқ киім мен оқу-құралдарын сатып алу мақсатына 25,3 миллиард теңге аударылды.
Жалпы алғанда, 500 мыңнан астам балаға қолдау көрсетілді. Оның ішінде – жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, аз қамтылған отбасылардың балалары, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар бар.
– Жалпыға бірдей білім беру қоры жыл сайын балалардың жаңа оқу жылына дайындалуына көмектеседі. Бұл ата-аналарға балаларын мектепке дайындауға мүмкіндік береді және әрбір оқушы үшін тең мүмкіндіктер жасайды. Айта кету керек, аталған қор – мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі, – деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.
Белгілі болғандай, биыл бір балаға берілетін ең төменгі төлем мөлшері – 46 228 теңге. Сонымен қатар, мәслихаттардың шешімімен кейбір өңірлерде жоғарырақ көрсеткіштер белгіленген: Алматы қаласында – 55 000 теңге, Жамбыл облысында – 53 117 теңге, Павлодар облысында – 53 663 теңге.
Айта кетерлігі, 2023 жылдан бері материалдық көмектің көлемі бір балаға 17 мыңнан 46 мың теңгеге дейін, яғни 2,5 есеге артты.




