Болгарияның Шумен қаласында IX Еуропалық жасөспірімдер информатика олимпиадасы (EJOI-2025) өз мәресіне жетті. Байқауға 24 елден жүзден астам жас бағдарламашы қатысты. Барлығы 52 медаль сарапқа салынды. Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, команданың барлық төрт мүшесі жүлдегер атанды, деп хабарлайды F16.kz порталы
Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдеуінше, қазақстандық оқушылар бір күміс және үш қола медаль еншіледі. Атап айтсақ, күміс медальді Атырау облыстық «Білім-Инновация» лицейінің 9-сынып оқушысы Құрмет Әбілмансұр еншілесе, қола жүлдені Көкшетау қаласы «Білім-Инновация» лицейінің 9-сынып оқушысы Нұрәлі Шаймерден, Өскемен қаласы «Білім-Инновация» лицейінің 9-сынып оқушысы Саят Юсупов, Көкшетау қаласы «Білім-Инновация» лицейінің 9-сынып оқушысы Дінмұхаммед Мұғжан жеңіп алды.
Команданы тәжірибелі тәлімгерлер: PhD, Қазақ-Британ техникалық университетінің ассистент-профессоры Әлімжан Аманов пен республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы, спорттық бағдарламалау чемпионы Батыр Сардарбеков дайындағанын атап өту керек.
EJOI-2025 қорытындылары қазақстандық оқушылардың жоғары дайындық деңгейін және отандық бағдарламалау мектебінің халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін тағы бір мәрте дәлелдеді.




