Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында туризм саласына айрықша көңіл бөлініп отыр, деп хабарлайды F16.kz.
Президент бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында жариялаған Жолдауында еліміздің туризм саласына қатысты біраз сын пікір айтып, олқылықтарды жою жөнінде нақты міндеттер қойды.
– Тағы бір маңызды мәселе, бұл – туризм. Жалпы, бұл салада біраз түйткілді мәселе бар. Шынын айту керек, кәсіби кадрлар тапшы. Осы саладағы бәсекеге қабілетіміз әлі де шамалы. Мен шілде айында туристік жерлердің барлығын ретке келтіру туралы тапсырма бердім. Бұл жұмыс менің жеке бақылауымда. Жұрт жиі баратын демалыс орындарынан бөлек, болашағы зор басқа да бағыттардың әлеуетін арттыру маңызды. Міндеттердің аражігін ажыратып алған жөн. Жергілікті атқарушы органдар әрдайым туризм инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән беріп, осы жұмысқа жауапты болады. Ал шетелден туристер тарту мәселесі және отандық туризм саясатын заң тұрғысынан қамтамасыз ету орталық органдардың назарында болады. Осы орайда, Алматы қаласы мен Алматы облысындағы тау туризмі мен тау шаңғысы туризміне арнайы тоқталғым келеді. Қазіргі кезде бұл бағыттағы ең өзекті мәселе – заманауи инфрақұрылым салу. Егер осы міндетті ойдағыдай орындасақ, еліміздің курорттары жер жүзіне танылып, Қазақстанның бетке ұстар ұлттық бренді болмақ, – деген болатын Мемлекет басшысы.
Осыған қатысты Шығыс Қазақстан облысындағы туризм саласының өкілдері де пікір білдіріп, Президенттің тапсырмасы өте орынды әрі уақтылы айтылғанын атап өтті.
– Жалпы, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы өте ерекше деп айтуға болады. Президент барлық саланы тездетіп цифрландырудың маңыздылығын тілге тиек етті. Жасанды интеллектке ден қою қажеттігін айтты. Осыған орай алдағы үш жылда Қазақстан цифрлық мемлекетке айналуы керек деген міндет қойды. Оның ішінде туризм саласы да бар. Жалпы, Президенттің туризм саласын дамыту мәселелерін жеке бақылауына алатынын естіп, айрықша қуандық. Әсіресе, біздің облыстағы Катонқарағай мен Зайсан әуежайларының салынуына баса назар аударуы көңілге сенім ұялатты. Себебі, бұл нысандардың пайдалануға берілуі ішкі туризмнің тамырына қан жүгіртетіні анық. Мемлекет басшысы айтқандай, бізде шынымен де туризм саласы мамандарының тапшылығы бар. Сондықтан еліміздің жоғары оқу орындары бұл бағытта нақты әрі батыл қадамдар жасауға тиіс. Бұл әсіресе Шығыс Қазақстан сияқты туристік әлеуеті зор облыстарға қатысты, – деді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы ШҚО Туризм кеңесінің төрағасы Сымбат Рамазанов.




