Биыл «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынып, жұмысын бастаған білім ордаларының арасында Шемонаиха қаласындағы 300 орындық мектеп те бар. Күні кеше аталмыш білім беру мекемесінде ата-аналарға арналған ашық есік күні өтті, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕСІ БАСТЫ НАЗАРДА
Негізі, бұл мектеп өзге білім ордаларына қарағанда жұмысын ертерек бастап кеткен. Аудан орталығының мектеп тапшылығы айқын сезілетін аудандарының бірінде орналасқан нысан биылғы сәуір айында пайдалануға беріліп қойған. Мұны бір топ ата-ана мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап экскурсия өткізген мектеп директоры Назигүл Тотекинадан білдік.

– Бүгін оқушыларымыздың ата-аналарына балаларының қандай жағдайда білім алып жатқанын, оқу процесінде нендей материалдармен, құрал-жабдықтармен жұмыс істейтінін көрсетуге тырыстық. Сапар барысында қонақтарға асханамызды көрсетіп, оқушылар ішетін тағамдардан дәм татырдық. Ата-аналар кабинеттердің, спортзалдың жабдықталуын көріп, көңілдері толып қайтқан сияқты, – дейді Шәкәрім атындағы аталмыш білім ордасының басшысы.
Оның айтуынша, 300 орынға шақталған мектепте бүгінде екі ауысымда 343 оқушы оқиды. Бұған қоса білім ордасы жанындағы шағын орталықта – 12 бала, мектепке дейінгі дайындық сыныптарында – 16 бала білім мен тәрбие алуда.
Жаңа мектеп заманауи талаптарға сай жабдықталған. Оқушылардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда кең әрі жарық асхана мен спортзал, балаларды қолдау кабинеті бар, бейнебақылау жүйесі мен дабыл қондырғылары да орнатылған. Жалпы, білім мекемесінде қауіпсіздікті қамтасыз ету мәселесіне айрықша мән берілгені көрініп тұр. Мұнда 50-ден астам камера мен 30 күнге дейін жазбаларды сақтауға мүмкіндік беретін сервер іске қосылған.
ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРҒА ЕРЕКШЕ ҚАМҚОРЛЫҚ
Мектеп басшылығы хабарлағандай, бүгінде педагогикалық құрамда 54 қызметкер еңбек етеді, олардың 32-сі – мұғалім. Қазіргі уақытта мектепке орыс тілі, тарих, ағылшын тілі, музыка, технология, IT-инженер, хореограф және қосымша білім беру педагогы сияқты мамандар қажет.
Тағы бір айта кетер жайт, аталмыш мектепте Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың қолдауымен STEM-кабинет пен «Bіlіm aqparat» кәсіптік бағдар беру орталығы, сондай-ақ С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың демеушілігімен «Dana bala» инклюзия кабинеті жабдықталған.

Мектепте психолог және логопед кабинеттері, биотехнология, хореография залы, коворкинг аймағы бар. Сонымен бірге мектепалды сыныптарға арналған ойын бөлмесі, Графика мен жобалау, тамақтану мәдениетінің шеберханалары қарастырылған. Бұған 80 орындық көрермен залын, робот техникасы мен Бейнелеу өнері кабинеттерін қосыңыз.
Білім ордасында инклюзивті білім беру жағы да назардан тыс қалмапты. Ерекше қажеттілігі бар оқушылар үшін арнайы сыныптар мен қолдау кабинеттері ашылған, пандустар, лифтілер, санитарлық тораптар мен тактильді бағыттаушылар да қарастырылған.
АТА-АНАЛАР ДӘН РИЗА
Мектеп ұжымы 2024-2025 оқу жылы бойы дарынды және талантты оқушыларды анықтау мен қолдау бағытында жүйелі жұмыс жүргізген. Пән мұғалімдері, сынып жетекшілері және оқушылардың ғылыми қоғамдары білім алып жатқан жастардың түрлі олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатысуына жағдай жасады.
– Осындай жұмыс өз жемісін беріп, облыстық олимпиадалар мен ғылыми сайыстарға қатысқан 106 оқушының 92-сі жүлдегер атанды. Бұл – жалпы қатысушылардың 86,8%-ына тең. Республикалық деңгейде 42 оқушы бақ сынап, оның 29-ы жүлделі орынға ие болды (69%), – деп хабарлайды облыстық білім басқармасының баспасөз қызметінен.
Дарынды балаларды қолдау мақсатында мектепте бастауыш сыныптарға арналған «Росток», ал 5-11 сыныптарға арналған «Авангард» ғылыми қоғамдары жұмыс істейді. Өткен оқу жылында аудандық ғылыми жоба байқауында 6 оқушы, ал пәндік олимпиадаларда тағы 10 оқушы жүлдегер атаныпты. Сонымен қатар, оқушылар дәстүрлі «Шәкәрім оқуларына» белсене қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Бір сөзбен айтқанда, мектеп жаңа ғимаратқа көшкелі бері, жетістіктері де айтарлықтай жақсарған.

Бұл күні мектептің іші-сыртын аралап көрген ата-аналар да көргеніне дән риза болды.
– Мектебіміз керемет екен. Өте қуаныштымыз. Бұрын бұл ауданның балалары әбден ескірген мектепте оқитын. Ел ағалары осы жайтты ескере келе, бұл маңнан тағы бір мектеп салып берді. Сол үшін оларға зор алғыс айтамыз. Бұл мектепке қарасаң көзің тояды. Балалардың білім алуы, дамуы үшін барлық жағдай жасалған. Шын мәнінде, оқушылар үшін де, ата-аналар үшін де жайлы мектеп болайын деп тұр, – дейді жергілікті тұрғындардың бірі Ольга Чаплыгина.
Айта кетейік, бұған дейін Шәкәрім атындағы №4 орта мектептің оқушылары өткен ғасырдың 30-шы жылдары салынған ескі ғимаратта оқып келген.




