Биылдан бастап Қазақстанда жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды интернат ұйымдарына жолдау тәртібі өзгерді, деп хабарлайды F16.kz тілшісі Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, енді бала анықталған соң қорғаншылық және қамқоршылық органдары оны алдымен үш тәулікке дейін толық тексеруден өткізу үшін медициналық ұйымдарға уақытша орналастыруға міндетті.
Бұл қадам баланың денсаулығын дер кезінде тексеруге, қажет болса медициналық көмек көрсетуге және заң аясында әрі қарайғы қолдауды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Ең бастысы – әрбір бала алғашқы күннен-ақ мемлекеттің қамқорлығы мен қолдауын сезінеді, – деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Депутаттардың бастамасы «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және медициналық қызмет көрсету туралы» заң аясында Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің қолдауымен қабылданды.
Еске сала кетейік, бүгінде республика аумағында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 111 ұйым жұмыс істеп тұр. Онда 3,6 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Сондай-ақ, 17 мыңнан астам жетім бала отбасылардың қамқорлығында өсіп жатыр.




