Қазақстан халықаралық FIFA Arena жобасын жүзеге асыру туралы келісімге алғашқылардың бірі болып қол қойды. Бұл бастама балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға және мектеп оқушыларына заманауи спорт инфрақұрылымына тең қолжетімділік жасауға бағытталған, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Туризм және спорт министрлігі таратқан ақпаратқа сенсек, жоба аясында еліміздегі жалпы білім беретін мектептердің аумағында 100 шағын футбол алаңы салынбақ. Бұл – жобаға қатысушы елдер арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Алғашқы алаңдар биыл Хромтау мен Көкшетау қалаларында пайдалануға беріледі. Бағдарламаны толық аяқтау 2027 жылға жоспарланған. Жобаны Қазақстан футбол федерациясы ҚР Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асыруда.
– Әр алаң FIFA стандартына сәйкес салынады: көлемі 20×40 метр, жаңа буындағы жасанды шөп жабыны төселеді (non-infill turf), кіріктірілген қақпа, қоршау панельдері мен қауіпсіздік торлары орнатылады. Әмбебап құрылым алаңдарды қолданыстағы мектеп аулалары мен спорт аймақтарына ыңғайлы түрде салуға мүмкіндік береді, – деп жазады Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
Жоба ең алдымен шағын қалалар мен ауыл мектептерін қамтиды. Қаржыландыруды FIFA қамтамасыз етсе, ҚР Туризм және спорт министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырушылық қолдау көрсетеді.
Бүгінде футбол еліміздегі ең танымал бұқаралық спорт түрінің бірінен саналады. Қазіргі уақытта республика аумағында футболмен 1,1 миллионнан астам адам жүйелі түрде шұғылданады.
Белгілі болғандай, қазір Қазақстанда 7 378 футбол жаттықтырушысы жұмыс істейді. Елімізде 280 стадион, 148 футбол манежі, 7 мыңнан астам мектеп алаңы және 400-ден аса дене шынықтыру-сауықтыру кешені бар. Премьер-лигада 14 кәсіби клуб өнер көрсетсе, 242 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 40 мыңнан астам жас футболшы дайындалуда.
Кейінгі жылдары елімізде FIFA және УЕФА-ның қолдауымен бірнеше жоба жүзеге асырылды. Олардың ішінде Талғардағы ұлттық құрамаларға арналған оқу-жаттығу базасы, Астанадағы Футбол үйі мен манеж, Шымкенттегі жеке «БИІК» базасы және Қостанайдағы «Тобол» клубына арналған толыққанды манеж сияқты жобалардың құрылысы бар.




