Күршім ауданының Маралды ауылында халық тағы да дабыл қақты. Ауылда белгісіз себептен ірі қара мал өле бастаған. Тұрғындардың айтуынша, олардың барлығы алтын зауытының маңында жайылған, деп хабарлайды F16.kz.
Айта кетейік, Маралдыдағы алтын өндіретін зауыт бұған дейін де тұрғындардың наразылығын тудырған. Әу баста салынуына қарсы болған халықтың қазір де зауыт жұмысына көңілдері толмайды.
Ірі қара малдың өліп жатқан видеосы күні кеше әлеуметтік желіде тарай бастады.
19 қыркүйек күні цианидпен алтын өндіріп жатқан зауыт маңында ауылымыздың малы қырылды. Қазір 7-8 бас өліп жатыр, бұл алғашқы жағдай емес. Осылай жалғаса берсе адам өлімі бола ма деп қорқамыз, — деді әлеуметтік желіде бейнеүндеу жолдаған тұрғындар.
Күршім ауданының әкімі Мейіржан Әлібеков осы жағдайға байланысты санитариялық-эпидемиологиялық қызмет және ветеринария саласының мамандарымен бірлескен арнайы комиссия құрылып, тексеру жүргізіп жатқанын айтты.
Оқиға орнына барып, өлген малдардан сынама алынды. Жеті күннің ішінде қорытынды шығады. Соған сәйкес нақты ақпарат беріледі. Малдың фабрика маңында жайылғаны туралы ақпарат та анықталады. 20 қыркүйек күні қосымша тексеру жүргізіліп, басқа малдарда осындай жағдайдың тіркелген-тіркелмегені анықталды. Сынама қорытындысы шыққанда қосымша ақпарат беріледі, — деді аудан әкімі.
Бұл жағдай қазір облыс және аудан әкімінің тікелей бақылауында.




