Шығыс Қазақстан облысының Алтай қаласында қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны өртенді. Жергілікті тұрғындар дабыл қақты. Облыстық экология департаментінің мамандары жоспардан тыс тексеру жүргізіп, заң талаптары бұзылғанын анықтады, деп хабарлайды F16.kz.
Азаматтардың өтінішіне сәйкес жүргізілген тексеру барысында полигонның солтүстік-шығыс бөлігінде өрт тұтанғаны расталды. Алтай қаласы әкімдігі қатты қалдықтар полигонында өртті болдырмау және барынша азайту шараларын қабылдау, сондай-ақ қоқыс төгетін жерді басқаруға қатысты экологиялық заңнама талаптарын сақтамағаны анықталды. Дәлірек айтсақ, Экологиялық кодекстің 319-бабы, 327-бабы, 350-бабының 6-тармағы және 365-бабының 4-тармағы бұзылған.
Сонымен қатар қоқыс полигонындағы жағдай туралы Алтай қаласы әкімдігі облыстық экология департаментін хабардар етпеген. Бұл Экологиялық кодекстің 355-бабы 2-тармағының және 184-бабы 2-тармағының 8) тармақшасының талаптарын бұзу болып есептеледі және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 327-1-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылыққа жатады.
Тексеру нәтижесінде Алтай қаласының әкімдігі заңнама аясында әкімшілік жауапкершілікке тартылды.




