Бүгін ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов Күршім ауданы, Маралды ауылындағы мал өліміне қатысты жиналыс өткізді, деп хабарлайды F16.kz.
Жиында қабылданып жатқан шаралар мен алдағы іс-қимыл жайы талқыланды.
Біздің басты міндет – халық пен төрт түліктің қауіпсіздігі, табиғатымыз бен аң-құсқа ешқандай залалдың келмеуі. Тиісті сараптамалардың қорытындысы шыққаннан кейін нақты шешімдер қабылданып, барлық қажетті шаралар қолға алынады. Қазірдің өзінде биоқауіпсіздік және зардап шеккен мал иелеріне қолдау көрсету мәселелері қарастырылып жатыр, – деді аймақ басшысы.
Биылғы 19 қыркүйекте Күршім ауданы әкімдігіне Маралды ауылында сегіз ірі қара малдың белгісіз себептен өлгені туралы хабар түскен. ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановтың тапсырмасымен оқиға орнына бірден Күршім ауданының әкімі, облыстық экология департаментінің, облыстық ветеринария басқармасы мен санитарлық қызметтің мамандары барды.
Ауылдан 5 шақырым жерде орналасқан Березит учаскесінде 7 малдың өлексесі табылған. 20 қыркүйек күні қоысмша тексеру кезінде тағы бір малдың өлексесі анықталды.
Мамандар судан, топырақтан және мал өлекселерінен сынама алып, кешенді зерттеулер жүргізу үшін тиісті зертханаға жіберді. Атап айтқанда, Күршім аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы ШҚО Ұлттық сараптама орталығына, «Күршім-Вет» КМК облыстық ветеринариялық зертханаға жіберсе, экологтар 23 қыркүйекте топырақтан қосымша сынама алып, экологиялық стандарттарға сәйкестігін тексеруге кірісті.
Сол аумаққа дезинфекция жүргізіліп, малға вакцина егілді. Сондай-ақ өндіріс орындары экологиялық талаптардың сақталуына қатысты тексерілді.
Экологиялық сараптама нәтижелері осы аптаның соңына дейін дайын болуға тиіс. Ал ветеринариялық сынамалардың қорытындылары 4 қазанға дейін шығарылады.
Бүгінге дейін Маралды ауылында басқа мал өлімі тіркелген жоқ.




