Бүгінде Шығыс Қазақстан облысының Зайсан және Катонқарағай аудандарында жаңа әуежайлар салынып жатыр. Алдағы уақытта өңір туризмін дамыту үшін Зайсан-Үрімші әуе рейсін ашу ұсынылды, деп хабарлайды F16.kz.
Ондай ұсынысты Лұқбек Тұмашинов бастаған бірқатар Мәжіліс депутаты Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалда көтерді.
Халық қалаулылары Президенттің туризм саласына басымдық беру туралы тапсырмасын негізге ала отырып Шығыстың табиғаты мен географиялық әлеуеті аймақты халықаралық туризм орталығына айналдыруға мүмкіндік беретінін атап өткен. Олардың айтуынша, туристік маршрут Өскеменнен басталып, Ұлан, Самар аудандары арқылы Бұқтырма су қоймасындағы көпірмен Күршім, Тарбағатай және Зайсан аудандарына, әрі қарай Марқакөл мен Қатонқарағай өңірлеріне дейін жалғасады. Биыл бұл бағытпен жүретін туристер саны бес есеге артуы мүмкін деп болжанған. Алайда депутаттар инфрақұрылымның жеткіліксіздігі, экологиялық қауіптер, және қорғалатын табиғи аумақтардың сақталуы секілді проблемалар бар екенін тілге тиек етті.
Қазір Зайсан мен Қатонқарағайда жаңа әуежайлар салынып жатыр. Осыған орай 2025–2028 жылдарға арналған республикалық бюджетке жаңа әуе рейстерін субсидиялау және Зайсан-Үрімші бағытын ашу мүмкіндігін қарастыру, Марқакөл мен Зайсан аудандарында шетелдік туристерге арнап қонақ үйлер мен ойын-сауық нысандарын салуға инвестиция тарту ұсынылған.
Бұдан бөлек тау шаңғысы туризмін дамыту мәселесі көтерілді. Депутаттар Глубокое ауданы мен Риддердің табиғи жағдайы шаңғы курорттарын ашуға қолайлы екенін айтты. Бұл жобаларды іске асыру үшін инфрақұрылымды «Бәйтерек» холдингі қаржыландыруға тиіс.
Депутаттар ШҚО-ның туристік әлеуетін арттыру үшін Үкіметке келесі ұсыныстарын жолдады:
- Аймақтың туристік бағыттарын дамыту бойынша жол картасын қабылдау;
- 2026–2028 жылдарға арналған бюджетке әуе рейстерін субсидиялау мәселесін енгізу;
- Зайсан – Үрімші әуе бағытын ашу мүмкіндігін зерделеу;
- Марқакөл мен Зайсанда туристерге арналған демалыс орындары мен ойын-сауық нысандарына инвестиция тарту;
- Глубокое және Риддерде тау шаңғысы курорттарын салуды «Бәйтерек» арқылы қаржыландыру.




