Бүгін Өскеменде Қазақстан Республикасының Сенаты мен Ресейдің Федералды Жиналысы Федерация Кеңесі арасындағы ынтымақтастық комиссиясының кезекті XXIV отырысы өтті, деп хабарлайды F16.kz.
Екі елдің жоғары лауазымды тұлғалары қатысқан алқалы жиында негізгі тақырып – туризмді дамыту мәселесі талқыланды.
Оның ішінде атап айтсақ, туристердің шекарадан өту үдерісін жеңілдету, көлік инфрақұрылымын жақсарту, автомобиль жолдарын салу, әуе және темір жолды дамыту, содан кейін бірлескен туристік сапарлар ұйымдастыру және басқа да түйткілдер қаралды. Нәтижесінде нақты шешімдер қабылданды. – деді Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Жақып Асанов.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов екі ел арасындағы сындарлы диалогтың маңыздылығын атап өтіп, туризм қазіргі таңда тек экономиканың маңызды саласы емес, сонымен қатар сенімнің, өзара түсіністік пен тату көршіліктің факторы екенін айтты. Өңіраралық ынтымақтастықтың болашағына ерекше назар аударылды.
Біздің туристік ресурстарымыз бір-бірімен бәсекелес емес, керісінше, бірін-бірі толықтырады. Біз біріге отырып, туристер үшін тартымды бағыттар жасай аламыз. Оның ішінде Алтай аймағы бойынша шекарааралық маршруттар мен Ертіс өзені бойындағы кеме қатынасы мүмкіндігі де бар, — деді өңір басшысы.
Маңызды бастамалардың бірі — Риддер қаласына жақын жерден жаңа шекаралық өткізу бекетін ашу туралы ұсыныс болды. Аймақ басшысының айтуынша, Қазақстан тарапынан барлық қажетті инфрақұрылым дайын, жобаны іске асыру туристік ағынның артуына және сауда-экономикалық байланыстардың кеңеюіне қуатты серпін береді.
Сонымен қатар Нұрымбет Сақтағанов туризм саласы үшін кадр даярлау бағытындағы ынтымақтастықтың маңызын атап өтті. ШҚО Ресейдің салалық жоғары оқу орындарымен әріптестік орнатуға және бірлескен білім беру бағдарламаларын құруға дайын. Жиынға қатысушылар бұл ұсыныстарды қолдап, Қазақстан мен Ресей арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бірлескен бастамалар ықпал ететініне сенім білдірді.
Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Андрей Яцкин мұндай бастамалар екі елдің арасындағы байланысты нығайтып, барыс-келісті арттыра түсетінін жеткізді.
Жиынның Өскеменде өткізілуі тегін емес. Өйткені Шығыс Қазақстан облысы Ресейдің шекаралық аймақтарымен іргелес жатыр. Одан бөлек біздің ежелден жүлгесі үзілмеген дәстүрлі тарихи байланысымыз бар. Ал отырыста көтерілген турзим тақырыбы – екі ел үшін де маңызды. Шекарадан өтудің жеңілдету, туристік инфрақұрылымды дамыту, көлік жолдарын жақсарту секілді мәселелерді екі мемлекеттің жауапты министрлік өкілдерімен бірге талқыладық, шешу жолдарын қарастырдық. Ең бастысы бұл жұмыстардың нәтижесі халыққа пайдалы болуы керек. – деді Андрей Яцкин.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Өскеменде «Altay invest-2025» инвестициялық форумы өтіп жатыр. Қазақстан Республикасының Сенаты мен Ресейдің Федералды Жиналысы Федерация Кеңесі арасындағы ынтымақтастық комиссиясының отырысы осы инфестфорум аясында ұйымдастырылды.




