Самар аудандық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері жартастарды жазулардан тазартты, деп хабарлайды F16.kz.
Бұл игілікті іс «Нағыз патриот» экологиялық акциясы аясында өтті. Жастар ресурстық орталығының мамандары Лайлы су қоймасы маңындағы тастардың бетін вандалдардың «қолтаңбасынан» тазартып, оның табиғи келбетін қалпына келтірді. Мұнда шамамен отыздан астам жазу болған, соның бесеуі өшірілді.
Акция Өскемен тұрғыны Вячеслав Орловтың бастамасын қолдау ретінде қйымдастырылғанын атап өткен орынды. Бұған дейін Орловтар отбасы жартастардың бір бөлігін тазалап, көпке үлгі көрсеткен. Самар ауданының жастары бұл игі істі іліп әкетті.
Шараның мақсаты – ауданның табиғи әрі мәдени мұрасын қорғау, сондай-ақ жастар мен тұрғындарды табиғатқа құрметпен қарауға тәрбиелеу.
Табиғи байлығымызды көздің қарашығындай сақтау – міндет. Өзімізден кейін тек тазалық пен жағымды әсер қалдыруымыз қажет, — деді шараға қатысушылар.
Алдағы уақытта вандалдық жазуларды толықтай жою үшін тазалау жұмыстары жалғасын табады.
Айта кету керек, бұл бастама республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында челлендж түрінде өтті.




