Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылдан бастап Қазақстанда қосымша білім беру ұйымдарына ваучерлік қаржыландыру жүйесі кезең-кезеңімен енгізілуде, деп хабарлайды F16.kz.
Оқу-ағарту министрлігінің ақпараты бойынша біріңғай мемлекеттік тапсырысты орналастырудың пилоттық жобасы Астана, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қызылорда және Шымкент қалаларында жүзеге асырылып жатыр. Жобаның мақсаты – оқушыларды шығармашылық, спорттық және білім беру бағытындағы тегін үйірмелермен және секциялармен кеңінен қамту.
– Бүгінде 300 мыңнан астам бала қосымша білімге ваучер алды. Ата-аналар өз балаларына үйірмелер мен секцияларды өздері таңдайды. Қажет болған жағдайда олар құжаттарды қайта тапсырмай-ақ, үйірмені өзгерте алады. Бұл ретте ваучер сақталады, – деп атап өтті Тәрбие және қосымша білім беру департаменті басқармасының басшысы Алтай Рахимберлин.
Қаржыландыру «бір балаға – бір ваучер» қағидаты бойынша жүзеге асырылады. Мұндай тетік барлық оқушы үшін тең мүмкіндік жасап, ашықтықты қамтамасыз етеді және бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалануға жол бермейді.
Айта кету керек, бұл жоба Мәдениет және ақпарат, Туризм және спорт, Оқу-ағарту, сондай-ақ Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктерімен бірлесіп жүзеге асырылуда.




