Президент жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» шеңберінде Шығыс Қазақстан облысында өңір мен елдің дамуына еңбегімен сүбелі үлес қосқып жүрген азаматтар құрметке бөленді, деп хабарлайды F16.kz.
Облыстың өркендеуіне елеулі еңбек сіңіріп жүрген жандар «Адал азамат – адал еңбек» атты салтанатты марапаттау рәсімінде ұлықталды. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапанов қатысып, еңбек майталмандарын Еңбек күнімен құттықтады.
– Еңбек адамдарын ардақтау, олардың кәсіби шеберлігін дәріптеп, адал еңбекті насихаттау – өскелең ұрпаққа еңбек құндылығын ұғындырудың маңызды жолы. «Жұмысшы мамандықтар жылы» жастарға мамандық таңдауда нақты бағдар беріп, еңбек адамының қоғамдағы орнын айқын көрсетті. Бүгін марапатқа ие болып отырған азаматтар – осының нақты дәлелі, – деді Дархан Сапанов.
Марапаттау барысында «Еңбек жолы» байқауы облыстық кезеңінің жеңімпаздары, «Парыз» республикалық конкурсының лауреаттары және түрлі салада еңбек етіп жүрген азаматтар марапатталды.
Атап айтқанда, бұл күні «Үздік еңбек әулеті», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері», «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын», «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын», «Экологияға қосқан үлесі үшін», «Үздік ұжымдық шарт», сондай-ақ «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» секілді номинациялар бойынша үздіктер анықталды.
– Мен Марқакөл ауданында он жылдан астам уақыт бойы жеке кәсіппен айналысып келемін. Биыл «Парыз» байқауының лауреаты атанғаныма ерекше қуаныштымын. Еңбек адамдарының бағаланып, марапатталып жатқаны көңіл қуантады. Осындай қолдаулар мен ынталандырулар жалғасса, біз де өз кезегімізде өңіріміздің дамуына үлес қоса беретін боламыз, – дейді кәсіпкер Дүйсенбек Қалибеков.
Сонымен қатар, түрлі салада адал еңбек етіп жүрген үздік мамандар да жекелей марапаттарға ие болды. Атап айтсақ, «Үздік наубайшы», «Үздік балық өңдеуші», «Үздік дихан», «Үздік комбайншы», «Үздік сауыншы», «Үздік омарташы», «Үздік тракторшы» және «Үздік аумақ тазалаушы» сынды аталымдар бойынша еңбеккерлерге құрмет көрсетілді.




