Шығыста жасөспірімдер арасындағы қылмысқа тоқтау болмай тұр. Құқық қорғау органдары тарапынан алдын алу шаралары қолға алынғанымен, қылмыс көлемі керісінше артып келеді. Оған тәртіп сақшылары келтірген ресми дерекер дәлел бола алады, деп хабарлайды F16.kz.
Өңірде жасөспірімдердің қатысуымен жасалған қылмыс 1 жылда 45 пайыз артқан. Яғни, өткен жылы 44 жағдай тіркесе, биыл жыл басынан бері жасөспірімдер 65 қылмыс жасаған.
Әсіресе, жасөспірімдер арасындағы төбелес, дене жарақатын салу деректері көп кездеседі. Отбасы жағдайлары әр түрлі, толыққанды, арасында ауқатты отбасынан шыққан балалар да бар. Мәселен, жыл басынан бері тіркелген ресми деректерде 29 бала толық емес, 27 бала толыққанды отбасынан шыққан және арасында Серебрянск арнайы мектебінің 1 тәрбиеленушісі бар, — деп атап өтті ШҚО полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Нұрлан Жарлығақов.
Мамандардың айтуынша, мұндай қылмыстың жасалуының негізгі себебі — ата-аналардың балаларының мінез-құлқын тиісті бақылауына алмауында. Себебі кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық фактілерінің барлығы дерлік сабақтан тыс уақытта жасалған.
Баланың құқықтық сауатты болуы аса маңызды. Өзін қылмыс жасадым деп ойламай, бұзақылыққа баратын оқушылар да болады, — дейді Нұрлан Жарлығақов.




