«Таза Өскемен» кәсіпорынының экс-басшыларына қатысты жаңа сот үкімі шықты, деп хабарлайды F16.kz.
Апелляциялық сатыдағы сот бұрынғы директор Асхат Тәженов пен оның орынбасары Ардақ Әбілдиновтің әрекеттерін аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған мүлікті иемденіп алу немесе ысырап ету, ал кәсіпкер Игорь Федосовтың әрекеттерін осы қылмысты жасауға көмектесу деп саралады. Бірінші сатыдағы сот бұған дейін аталған әрекеттерді алаяқтық ретінде саралаған болатын.
Кәсіпорын Өскемен қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімімен қала көшелері мен жолдарын күтіп-ұстауға жыл сайын сомасы 1,5 млрд теңгеден асатын шарттар жасасқан. Осы жұмыстар аясында директор мен орынбасары кәсіпкерге тиесілі ұйымдармен тоғыз жалған шарт жасасуды ұйымдастырған. Құжаттарда құм, жол битумы және басқа да материалдарды жеткізу, басқа да қызметтер көрсету көзделген. Алайда тауарлар іс жүзінде жеткізілмеген, жұмыстар орындалмаған, — делінген облыстық соттың мәліметінде.
Соған қарамастан, кәсіпорынның ақшалай қаражаты аталған ұйымдардың шоттарына аударылып, кейін қолма-қол ақшаға айналдырылып, қылмысқа қатысушылар арасында бөлінгені анықталған. Жымқырылған қаражаттың жалпы сомасы 61 199 334 теңгені құрады.
Алаяқтықтан айырмашылығы, сеніп тапсырылған мүлікті иемденіп алу немесе ысырап ету бөтен мүлікті заңсыз түрде кінәлі адамның немесе басқа тұлғалардың пайдасына айналдыруды білдіреді. Ал кәсіпкер осы қылмысты жасауға көмектескен, — делінген хабарламада.
Апелляциялық сатыдағы соттың шешімі Тәженов пен Әбілдиновты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша, ал Федосовты осы Кодекстің 28-бабының 5-бөлігі және 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп таныды.
Үшеуінің әрқайсысына 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, мемлекеттік қызметті лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыру жазасы қосымша белгіленді.




