Шығыс Қазақстанның шекаралық аудандарында ауылдар жойылып жатыр. Ал өңір экономикасын өрге сүйрейді деген туризм саласы ақсап тұр. Бұл туралы биыл жазда шекарадағы жағдайды көзбен көріп қайтқан Парламент Мәжілісінің депутаты Мақсат Толықбай айтты, деп хабарлайды F16.kz.
Халық қалаулысы Instagram әлеуметтік желісінде бейнежазба жариялап, өзекті мәселе көтерді.
«Табиғаты керемет» деп еліміздің шығысындағы Марқакөл, Катонқарағайды қашанғы мақтап отыра береміз. Осы жазда біраз шекаралық ауданды араладық. Шынын айту керек, жағдай өте қиын. Ауылдар жаппай жойылып жатыр. Жастар жоқтың қасы. Кейбір елді мекендерді ұстап отырған мектеп қана. Азын-аулақ мұғалімі, оқушысы бар. Мектеп жабылса болды, ауыл адамдары жаппай көшеді. Оның үстіне мектеп деген аты ғана. Бір мектепте 26 бала ғана оқиды. Ал дәл іргеміздегі Қытай мемлекеті Шыңжан халқын көшіріп, топтастырып жатыр. Біз не істейміз, шекараны жалаңаштап кете береміз бе? – деп күйінді Мақсат Толықбай.
Мәжіліс депутаты шекаралық аймақты тығырықтан шығарудың бір жолы туризмді дамыту екенін айтты. Өкініштісі бұл саланың да дәл қазір өркендеп тұрғаны шамалы. Сервис жоқ, жолы нашар, жер шалғай…
Бір мысал айтайын, биылдың өзінде Катонқарағайға барып демалғандар саны былтырғымен салыстырғанда бес есеге артқан. Бұл әрине жақсы көрсеткіш. Бірақ сол туристер тамақтанатын жер жоқ, жатын орын жетіспейді, қонақ үй жоқ. Басқасын айтпағанда есі дұрыс дәретхана жоқ жолдың бойында. Шетелден туристер келсе қайтеміз, әбден ұят, – деді ол.
Шекаралық аймақта туризмді дамыту үшін жуырда Мәжіліс депутаттары Лұқбек Тұмашинов, Ерлан Саиров және Мақсат Толықбай Премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдапты. Онда нақты ұсыныстар айтылған.
Бүгінде Президент тапсырмасымен Катонқарағай және Зайсанда әуежайлар салынып жатыр. Құрылыс келер жылы аяқталуға тиіс. Осы орайда біз әуежайлар іске қосылғаннан кейін ішкі әуе рейстеріне субсидия бөлумен қатар Үрімші-Зайсан, Баян-Өлгей-Катонқарағай рейстерін ашып, билеттерді субсидиялауды сұрап отырмыз, – деп қосты депутат.
Сонымен қатар мәжілісмендер Үкіметтен туристер көп баратын шекаралық аудандарда ойын-сауық орталықтарын, басқа да қызмет көрсету орындарын ашуды, ондай ірі жобаларды “Бәйтерек” басқару холдингі арқылы қаржыландыруды, жол картасына енгізуді, ең бастысы кәсіпкерлерге арзан пайызбен несие беруді сұрап отыр.




