15 тамыздан бастап еліміздің елді мекендеріндегі жеке тұрғын үй секторында өрттің алдын алуға және халықтың білім деңгейін арттыруға бағытталған өрт қауіпсіздігі акциясы өтуде, деп хабарлайды F16.kz тілшісі Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
ТЖМ аумақтық бөлімшелері әлеуметтік жағынан осал топтар өкілдері тұрып жатқан 108 442 тұрғын үйді және 225 599 көпбалалы отбасын есепке алды. Бүгінде 112 969 үйде профилактикалық жұмыс жүргізіліп, оның барысында 289 387 азаматқа нұсқаулық берілді. Үй-жайларды аралау барысында 18 мыңнан астам үй өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келтірілді. Ағымдағы жылдың 15 тамызынан 3 қазанына дейінгі аралықта тұрғын үйлерге 9 536 датчик орнатылды.
Өңірлерде жеке тұрғын үй секторындағы өрттердің алдын алу мақсатында кешенді профилактикалық іс-шаралар жалғасуда. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – жылыту маусымында төтенше жағдайлардың алдын алу және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Рейдтер барысында ТЖД қызметкерлері халықпен кездесіп, қауіпсіздік талаптарын түсіндіреді.
Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында жергілікті ТЖД қызметкерлері пешпен жылытылатын, әлеуметтік осал санаттағы азаматтар тұратын тұрғын үйлерді аралап, өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуын тексеріп жүр. Нәтижесінде 319 үйде 379 өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактісі анықталып, соның 185-і мамандардың күшімен сол жерде жойылды.
– Тексеру барысында үйлерге улы газ датчиктері орнатылып, баспананы өртке қарсы қауіпсіз жағдайға келтіруге көмек көрсетілуде. Жалпы, өңірде соңғы жылдары шамамен 16 мың датчик орнатылып, олардың көмегімен 42 адамның өмірі құтқарылды, – деп жазады дерек көзі.
ТЖМ азаматтарға жылыту маусымында өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді:
- тек жарамды пештер мен электр құралдарын қолданыңыз;
- электр желілерін шамадан тыс жүктемеңіз;
- мұржаларды уақытында күйеден тазартыңыз;
- жылыту жүйелерінің жағдайын үнемі тексеріп отырыңыз;
- балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмаңыз;
- тұтатқыш ретінде жанғыш сұйықтықтарды пайдаланбаңыз.




