Республикалық Құсбегілік федерациясының вице-президенті Бағдат Мүптекеқызы Шығыс Қазақстан облысының төл өнеріміз бен спортымызды насихаттауға қосып жатқан үлесі орасан зор екенін айтты, деп жазады F16.kz тілшісі.
Ұлан ауданында басталған «Шығыс Салбурыны-2025» халықаралық фестивалінің ашылу салтанатына қатысқан Бағдат Мүптекеқызы іс-шараның ауқымы жыл өткен сайын кеңейіп келе жатқанын айтып, бұған ризашылығын білдірді.
– Бүгін халқының ұйымшылдығымен, ұлттық құндылықтарға деген құмарлығымен, төл өнерімізге өзімізді ғана емес, өзгені де тарта білген мейірбандылығымен, қонақжайлығымен ерекшелене білетін Алтай елінде, бір шаңырақ астында кезекті мәрте бас қосып отырмыз. Алғашқыда шағын ғана іс-шара болып басталған «Шығыс Салбурыны» бүгінде үлкен халықаралық фестивальге айналып отыр. Осы үшін Шығыс Қазақстан облысының басшылығына дән ризамыз. Қазір қазақтың салбурынын әлемдік деңгейде мойындату мақсатында бірқатар жұмыс атқарылуда. ЮНЕСКО-ға да бұл жөнінде хат жолдадық. Бұйырса, алдағы жылдары Ұлан жеріндегі фестивальге бұдан да көп елдің өкілдері келетін болады. «Шығыс Салбурыны» дүниежүзі таныған фестивальге айналатын күн алыс емес, – деді Бағдат Мүптекеқызы.
Мәртебелі мейман Шығыс Қазақстан облысының небары бес жылда ұлттық құндылықтарымызды, өнеріміз бен мәдениетімізді, спортымызды дәріптеуге қосқан үлесі орасан зор екенін айтып, бұл тұрғыдан алып қарағанда облысымыздың тәжірибесі өзге өңірлерге үлгі болуы керек екенін айтты.




