Қазақстанда 1-11-сынып оқушыларына кәсіби бағдар беру жөніндегі бірыңғай нұсқаулық әзірленіп жатыр, деп хабарлайды F16.kz тілшісі Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Министрліктен хабарлағандай, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының Адами капиталды дамыту және кәсіби бағдар беру орталығында жалпы білім беретін ұйымдарда кәсіби бағдар беру жұмысын ұйымдастыруға арналған кезеңдік нұсқаулықты әзірлеу мақсатында жұмыс тобының қызметі басталды.
Нұсқаулық бастауыш сынып мұғалімдеріне, пән педагогтеріне, сынып жетекшілеріне және кәсіби бағдар беру мамандарына арналған. Онда іс-әрекеттің нақты алгоритмдері, сабақтардың үлгілік сценарийлері, ата-аналармен және әлеуметтік серіктестермен өзара іс-қимыл формалары, сондай-ақ кәсіби бағдар жұмысының нәтижесін бағалау және мониторинг жүргізудің бірыңғай талаптары қамтылады.
Жұмыс тобының құрамына педагогтер мен кәсіби бағдар беру саласының мамандары, Оқу-ағарту министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Ұлттық білім академиясының ғылыми қызметкерлері кірді.
– Бұл бастама мектеп оқушыларына арналған кәсіби бағдар берудің бірыңғай тәсілін қалыптастырып, олардың болашақ кәсібін анықтау жүйесін жетілдіруге бағытталған, – деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.




