ҚМА Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті «QazConstructions» ЖШС басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуді бастады, деп хабарлайды F16.kz.
Белгілі болғандай, аталған компания өкілдері Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының 7 ауданында 11 әлеуметтік нысанның құрылысына бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген.
Қылмыстық әрекет салдарынан төрт дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 20 мыңнан астам адам тұратын жеті ауылды сумен қамтамасыз етуге арналған су құбыры желілері пайдалануға берілмеген. Жымқырылған қаржының жалпы көлемі 2 млрд теңгеден асады. Олар байланысы бар компаниялар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған.Қылмыстық жолмен алынған табысқа Астанадағы қымбат санаттағы тұрғын үй кешендерінен пәтерлер, «Lamborghini Urus», «Cadillac Escalade», «Mercedes» автокөліктері мен асыл тұқымды жылқылар сатып алынған. Бұл мүлікке сот санкциясымен тыйым салынды, — делінген ҚМА хабарламасында.
Күдіктілердің қатарында «QazConstructions» ЖШС-нің бұрынғы директорының орынбасары, Күршім ауданы мәслихатының депутаты бар.
Екі күдіктіге қатысты екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Тергеу жалғасып жатыр.
Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін F16.kz редакциясы Шығыс Қазақстан облысының шекаралық аймағында қыруар ақша жұмсалып, аяқсыз қалған жобалар туралы жазған болатын.




