Бүгін Ұлан ауданында жұмыс сапарымен жүрген аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов Саратовка ауылында орналасқан Шығыс Қазақстан көпсалалы колледжіне барды, деп хабарлайды F16.kz.
1945 жылы құрылған колледж студенттерді ауыл шаруашылығы, техникалық және IT бағыттары бойынша тоғыз мамандыққа оқытады. Бүгінде білім ордасындағы 424 студенттің 73-і дуальды оқыту жүйесі арқылы теорияны өндірістік тәжірибемен ұштастырып жүр.
Колледждің 1973 жылы салынған жатақханасында 192 студент тұрады. Олардың ішінде Алматы, Жамбыл облыстарынан және Шымкент, Түркістан, Семей, Қарағанды қалаларынан келген талапты жастар бар.
Басты мақсат – жастарға тек диплом беру емес, біздің өңірде сұранысқа ие мамандықтарды меңгерту, олардың білікті маман болуына жағдай жасау, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Биыл Саратовка ауылындағы көпбейінді колледжде білім алып жатқан студенттер қатары біршама ұлғайған. Бұған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында оқу орнында бірнеше жаңа мамандықтың ашылуы себеп болды. Оның үстіне жаңа оқу жылынан колледжде авиация саласының мамандарын даярлау қолға алынды. Нәтижесінде Шығыс Қазақстанға еліміздің өзге өңірлерінен келіп оқитындардың саны артты. Мәселен, бір ғана Алматыдан 50-ден астам студент келген. Мұның бәрі оқу орнының қызметкерлеріне артылатын жауапкершілік пен жүктемені ұлғайтты. Әсіресе, жатақхана мәселесі өзекті. Қазір колледжде оқитын 400-ден астам студенттің басым көпшілігі оқу орнының жанында орналасқан жатақханада тұрып жатыр. Бірақ, оның сыйымдылығы анау айтқандай көп емес. Колледждің дәл іргесінде тағы бір жатақхана ғимараты бар. Тозығы жеткен бұл нысан бүгінде бос тұр. Колледж басшылығы жатақхана мәселесін шешу үшін осы ғимаратты қалпына келтіру керек екенін айтады.
Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов колледж жанындағы жатақхананың мәселесімен де танысты.
Облыстық білім басқармасының басшылығына бұл мәселені назарға алуды тапсырамын. Жалпы, біздің облыста дәл осындай жөндеу қажет ететін қанша жатақхана бар екенін анықтау керек. Сосын бұл мәселені кешенді түрде шешетін боламыз, – деді ол.




