2025-2026 оқу жылында елімізде мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұнын жаңарту мақсатында «Ерте жастан кәсіпке және еңбекке баулу» пилоттық жобасы жүзеге асырыла бастады, деп хабарлайды F16.kz тілшісі Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, жобаға республика бойынша 100 мектепке дейінгі ұйым қатысады, оның ішінде 62 мемлекеттік және 38 жекеменшік балабақша бар. Бағдарлама 4 пен 5 жастағы балаларды қамтиды.
– Жобаның мақсаты – балаларды еңбекке баулу, олардың бойында еңбекқорлық, жауапкершілік және табандылық сияқты қасиеттерді қалыптастыру. Сондай-ақ мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың маңызды бағыттарының бірі – еңбек пен түрлі мамандық иелеріне құрметпен қарауды үйрету, – деп жазады дерек көзі.
Жоба мазмұны баланың жас ерекшелігі мен қызығушылығына сай әзірленген. Балалар күнделікті ойын және тәжірибелік іс-әрекет арқылы саналуан кәсіп түрімен танысады, қарапайым еңбек дағдыларын меңгереді.
Жоба аясында балалардың еңбекке деген қызығушылығы артады, ұжымдық жұмыс пен еңбек ету қабілеті дамиды, сондай-ақ болашақ кәсіби бағдардың алғашқы қадамы жасалады.




