Шығыс Қазақстан облысының экология департаменті неше күннен бері Өскеменде қалыптасқан қолайсыз метеорологиялық жағдайға (ҚМЖ) байланысты мобильді құрылғылармен ауа сапасын тексерді, деп хабарлайды F16.kz.
Ведомство басшысы Әсет Сүлейменовтің айтуынша, тексерулер нәтижесі «Қазгидромет» деректерін растап, Өскемен ауасындағы ластаушы заттардың мөлшері артқанын көрсетті.
Бірінші күні өндіріс орындарының санитарлық-қорғау аймағында, ал екінші күні тікелей кәсіпорындардың аумағында тексеру жүргізілді. Нәтижесінде атмосфералық ауада күкірт диоксиді мен күкіртсутегінің шекті рұқсат етілген концентрациясынан (ШРК) асқан жағдайлар анықталды. Бұған себеп — желдің болмауы, тыныштық және түнде температураның күрт төмендеуі, соның салдарынан таңертең тұман түсті. Бұл екі өзеннің қаланы қақ жарып ағуымен де байланысты, — деді ол.
Бұдан кейін комиссия құрамындағы экологтар кәсіпорындарды жіті тексеріп, заңбұзушылықтардың жоқ екенін, өндіріс ошақтары белгіленген нормативтер шегінде жұмыс істеп жатқанын анықтады.
Кәсіпорындар атмосфералық ауаға шығарылатын эмиссияны 30–40%-ға төмендету бойынша жедел шаралар қабылдады. Бұл меморандумда қарастырылған және барлық кәсіпорын тарапынан сақталып отыр, — деп қосты Әсет Сүлейменов.




