Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтау туралы» Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды F16.kz порталы Ақордаға сілтеме жасап.
Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқан және белсенді қоғамдық қызмет атқарған бірқатар азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында еңбек ардагерлері, жұмысшылар, өндіріс, бизнес, білім беру, ғылым, денсаулық сақтау салаларының өкілдері, әскерилер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, спортшылар, мәдениет және өнер қайраткерлері бар.
Өндірісті өркендетуге және агроөнеркәсіп кешенін дамытуға зор үлес қосқаны үшін Солтүстік Қазақстан облысындағы «Мәмбетов және К» КС механизаторы М.Қаражұмановқа, тау-кен саласындағы айтулы жетістігі және ұзақ жылғы еңбегі үшін Қарағанды облысындағы «Qarmet» АҚ «Шахтинская» шахтасының учаске бастығы С.Чернобайға «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.




